«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының баспасөз орталығы таратқан мәлімет бойынша, жылжымалы емхана  Шығыс Қазақстанда 50 күннен астам болып, шілденің 12-сі күні Павлодарға бет алған.   

 - Кеше олар Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданына қарасты Дегелең бекетінің тұрғындарын қабылдап, енді Павлодар облысына қарай жүреді. 14-ші шілде күні Май және Жұмыскер жол айырықтарының тұрғындарымен кездеседі. Жол кестесіне сай, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Павлодар облысында 30 күн болады. Осы уақыт аралығында көшпелі дәрігерлер Дегелең, Май, Жұмыскер, Көктөбе, Құркөл, Ақсу-2, Шақат, Красноармейка, Маралды, Шарбақты, Құрқамыс, Жолқұдық, Спутник, Тасқұдық, Қалқаман, Қарасор, Майқайың, Шідерті және Бозшакөл ауылдарында болады,  - дейді баспасөз орталығының мамандары.

Медицина пойыздың сегіз вагонында науқастарды толық тексеруге, амбулаториялық оталар жасауға, емдеу кабинеттерінің қызметтерін көрсетуге толық жағдай жасалған және зертханалар мен диагностика кабинеттерімен жабдықталған. Павлодар облысының аумағында Павлодар темір жол ауруханасының қызмектерлерлері жұмыс істейтін болады. Медицина бригадасының құрамында келесі мамандықтар бойынша бірінші және жоғары санаттағы дәрігерлері бар, олар: терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, стоматолог.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы өз жұмысын 2017 жылы 11 сәуірде Қарағанды облысы Жезқазған бекетінен бастады. Жыл соңына дейін пойыз Қазақстанның орталық, солтүстік, батыс және шығыс аймақтарындағы темір жол бекеттеріне барады.

Медицина пойызы дәрігерлер бригадасының жұмыс кестесі –сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін. Түскі үзіліс – сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін. Дәрігерлердің демалыссыз жұмыс істейтінін, барлық қызметтердің тегін көрсетілетінін естеріңізге саламыз. 

pavlodarnews.kz

Тэги: