Жаңадан ашылған үйге 86 отбасы қоныстанды. Пәтерлердің жалпы аумағы – 50 шаршы метрді құрайды. Жаңа пәтер кілттерін Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов таратып, пәтер иелерін құттықтады. Жаңа баспанаға қол жеткізгендердің бірі - «Алюминий Қазақстан» АҚ  №1 электроэнергоцехының шебері Данияр Сүлейменов.

- Мен үй кезегінде тұрғаныма алты жыл болды. Маған екі бөлмелі пәтер жалдамалы баспана бағдарламасы бойынша 20 жылға берілді. Айына 50 мың теңгеден төлейміз. Бұған дейін жеке пәтеріміз болмағандықтан, ата-анаммен бірге тұрған едік. Енді отбасыммен бірге жаңа пәтерде тұратын болды, - дейді Данияр Сүлейменов.

Жаңа тұрғын үйге қоныстанушылар үшін бар жағдай жасалған. Атап айтар болсақ, бүлдіршіндер үшін шағын балалар ойын алаңы және спорттық street workout кешені орнатылған. Жасанды жабындылы заманауи футбол алаңы мен көліктерін қоятын автотұрақ та тұрғындардың көңілінен шықты.

«Алюминий Қазақстан» АҚ-ның президенті Арман Есенжоловтың сөзінше, Соңғы бірнеше жылда компания қаражаты есебінен 700-ден аса отбасы баспанамен қамтамасыз етілген.

- Биыл біз «Қазақстан алюминийі» АҚ мен «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның еңбеккерлері үшін тағы бір тоғызқабатты 216 пәтерлі тұрғын үй құрылысын бастадық. Бұдан басқа, Қостанай облысының Лисаковск қаласында «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның филиалының Краснооктябрь боксит кеніш басқармасының еңбеккерлеріне арналған бесқабатты тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Ағымдағы жыл аяғында 60 отбасы жаңа үйде қоныс тойына атап өтеді, - дейді Арман Есенжолов.

Айта кетерлігі 2009 жылдан 2017 жыл аралығында «Қазақстан алюминийі» АҚ тек Павлодар қаласында 25 мың шаршы метр баспана салған. Тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастағалы кәсіпорын инвестициясы 2 млрд. теңгені құрады.

Талғат Төре

 

pavlodarnews.kz

Тэги: