Қоғамдық қабылдауға келгендердің бірі – Өзбекстан республикасынан көшіп келген Динара Сайфуддинова.

- Біз Павлодар облысына 2015 жылы қоныстанып, былтыр Қазақстанның азаматтығын алған едік. Енді Өзбекстанның азаматтық паспортын сол елдің Қазақстандағы елшілігіне осы бір айдың ішінде тапсыру керек екен. Бірақ, мен тұңғыш балама босануға күнім таяп отырғандықтан, Алматыға баруға жағдайым жоқ. Ал, паспортты кешіктіріп апаратын болсақ, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалап қалмаймыз ба, - деген сауалын жолдады Динара.

Облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының аға инспекторы Гүлстан Батталованың сөзінше, Өзбекстандағы өзгерістерге байланысты паспортты міндетті түрде азамат өзі апарып тапсыру керек.

- Бұрын біз көшіп келген ағайындардың барлығының паспортын жинап алып, поштамен жіберетін едік. Кейін Өзбекстандағы көші-қон заңына байланысты заң өзгергендіктен мұны қабылдаудан бас тартты. Енді елшіліктің арнайы порталына тіркеліп қойып, жеңілдегеннен кейін өзің барып тапсырудан басқа амалың жоқ. Аз уақытқа кешіккенің үшін айыппұл салу мүмкін емес, - дейді  Гүлстан Батталова.

Билік өкілдеріне назын арқалап келген ағайындардың бірі – Күлзатхан Жанай. Моңғолиядан 2012 жылы көшіп келіп, мемлекет тарапынан берілетін көтерме жәрдемақысын ала алмай жүр.

- Біз 2012 жылдың қыркүйек айында келдік. Ал, желтоқсаннан бері келгендердің барлығы алып жатыр. Сол үшін әлі күнге дейін азаматтық алмай, ықтиярхатпен жүрміз, - дейді ол.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің бас маманы Мұхит Жақсылықұлының сөзінше, бұл заңдағы өзгерістерге байланысты туындаған мәселе екен. Мысалы, 2012 жылдың қыркүйегіне дейін келгендерге оралман мәртебесі бір жылға берілсе, одан кейін көшіп келген ағайындарға оралман куәлігі бес жылмен беріліпті. Ал, бір жылмен алғандардың уақыты әлдеқашан біткен. Сондықтан, оралман мәртебесі жарамдыларға ғана беріп жатқанын айтады бас маман.

Тілеуберді Сахаба

pavlodarnews.kz

Тэги: