Бұл жолы алаң иелерінің сапында айтарлықтай өзгерістер орын алды. Мәселен, Давид Лорияның орнына қақпаға Никита Калмыков тұрды, ойынды алғашқы минуттан бастайтын Стефан Живкович қосалқы құрамда қалып, командаға жаңадан келген Милош Стаменкович шықты. Сонымен қатар, жартылай қорғаушы Илья Калинин де 90 минут бойы тер төкті.

Кездесу павлодарлықтардың өткір шабуылдарымен басталды. Дегенмен, қостанайлықтар да бірте-бірте «Ертістің» қорғанысына қауіп төндірді. Ойынның 85-минутында «Тобылдың» тыңнан келген футболшысы Аздрен Лулаку соққы жасады. Португалдық Карлос Фонсеканың аяғына тиіп кеткен доп қақпаға кірді. Осылайша, қонақтар минималды есеппен жеңіс тұғырынан көрінді.

- Ақталғым келмейді, команданың шаршап қалғаны байқалып тұр: ұзақ әрі ауыр әуе жолдары, климатизация. Мен бүгін қиын болатынын сездім, бірақ, жеңіліп қаламыз деп ойламаппын. Өзімізге гол соғып алғанымыз өте өкінішті. Ойын біз үшін сәтсіз аяқталды. Қазір бастысы, қалыпқа келіп, «Црвена Звездаға» қарсы дайындалу керек. Тартысты футбол болды, ұпайсыз қалғанымыз жанға батады, - деді «Ертістің» бас бапкері Димитар Димитров.

Айта кетейік, 13-шілде күні «Ертіс» Еуропа Лигасының екінші квалификациялық кезеңі аясында өз алаңында сербиялық «Црвена Звезда» командасын қабылдайды. Ойын 20:00-де басталады.

Абзал Қабдраш
Суреттерді түсірген - автор

pavlodarnews.kz

Тэги: