- Біз өндіріс көлемін азайтуды немесе тауар өнімдерін тұтынушыларымызға тиеуді төмендетуді жоспарлап отырған жоқпыз, - дейді Сергей Прокопьев. - Өз міндеттемелерімізді толық көлемде атқарамыз. Бүгінгі таңда өндіріс пен тиеу көлемін төмендетпеуге мүмкіндік беретін бірқатар іс-шаралар әзірленді.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, барлық кеңестер селекторлық режимге ауыстырылған. Коронавирус бойынша жағдайға байланысты зауыт қызметкерлері арасында аурудың таралуына жол бермеу шаралары әзірленуде. Жақын арада бір рет қолданылатын медициналық бетперделер, антисептиктер сатып алынбақ.

- Біз қазірдің өзінде қызметкерлерді респираторлар сияқты жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз еттік, - деп атап өтті Сергей Прокопьев. - Бұл коронавирус қана емес, басқа да жұқтыру қаупі бар тұмау сияқты ауруларды төмендетеді.  Сондай-ақ ыңғайлы жұмыс кестесін қарастырамыз. Жақын арада кеңсе қызметкерлерін қашықтықтан жұмыс режиміне ауыстыруға тырысамыз, бірақ олардың саны көп емес. Демалыс үйлері мен дене шынықтыру, сауықтыру кешендерінің жұмысын тоқтатуға мәжбүр болдық және қызметкерлер бұл жағдайға түсінушілікпен қарайды.

Кәсіпорында барлығы 6,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді және жұмыс орындарын қысқарту орын алған жоқ. Зауыт жылына 1 млн 300 мың тонна ферроқорытпа дайындайды.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында жұмыс форматын барынша дистанциялық тәртіпке көшіру ұсынылған болатын. Қашықтықтан жұмыс режиміне ауыстырылған қызметкерлердің жалақысы сақталатын болады.

pavlodarnews.kz

Тэги: экономика