Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәлімдеуінше, бүгін облыс бойынша онлайн режимінде түрлі форматтағы ондаған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Оның ішінде негізгі шаралар әдеттегідей Павлодар қаласында өтеді.
 
- Біз карантиндік шектеулерді ескере отырып, тұрғындардың уақытты пайдалы өткізуі үшін әлеуметтік желілердің көмегімен мәдени сауық шараларын көптеп ұйымдастыруға тырыстық. Оның ішінде шығармашылық ұжымдардың концерттері, музейлерге онлайн экскурсиялар, тіпті қойылымдар да бар. Бұдан бөлек, үздік ұлттық киім, ұлттық тағамдар бойынша онлайн байқаулар жарияланды, - деді басқарма басшысы Ернұр Дәуенов.

Сонымен қатар, Павлодар қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұлттық үлгідегі киімдердің байқауын жариялаған болатын. «Этно-Fashion» байқауы үстіміздегі жылдың 16-29 сәуір аралығында өтті. Оған әлеуметтік желілер арқылы облыс орталығының кез-келген тұрғыны қатысу мүмкіндігіне ие болды. Ондаған үміткерлердің ішінен қазылар алқасы үздіктерді таңдады. Нәтижесінде 1-орынды Ленин кентінің тұрғыны, зейнеткер Ғалия Сұңғатова жеңіп алды. Ал, 2 және 3-ші орындарға Лилиана Денчик пен Меруерт Наурызбекова тұрақтады.

Ал, 20 сәуір күні Естай атындағы мәдениет сарайы Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен «Достық дастарханы» атты онлайн байқауын бастаған болатын. Оған сәйкес, қатысушылар кез-келген ұлттық тағамды әзірлеп, оны бейнекамераға түсіріп, #Бірліккүні және  #dk_estay_pvl хэштегімен әлеуметтік желілерге жүктеуі қажет. Ерекше дода бүгін де жалғасуда. Сондықтан павлодарлықтардың әлі де жүлдеге ілігетіндей мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ мәдениет саласының өкілдері Павлодар қаласының тұрғындарын бүгін кешкі сағат 20:00-де Қазақстан халқының бірлігі күніне орай өтетін жалпықалалық флешмобқа қатысуға шақырады. Тұрғындар бір уақытта үйлерінің балкондарына шығып, ҚР Әнұранын орындайды.

Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, мереке, байқау, мәдениет