Жаңа кітапқа Павлодар облысының және еліміздің өзге өңірлерінен 62 ақынның өлеңі енді.

Құрастырушысы Бекмырза Лекердің айтуынша, бұған дейін 2008 жылы Баянауыл өңірі жайлы жазылған жырлар топтастырылған «Баянауыл басынан...» жыр жинағы жарық көрген. Кезекті жинаққа одан берідегі уақытта жазылған жырлар енгізілген.

-    Кітаптың жарық көруіне қаржылай қолдау көрсеткен Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Әмірхан Баймағанбетов, - дейді Бекмырза Лекер. – Сөз орайы келгенде айта кеткен жөн болар, меценат Әмірхан Дуабекұлы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдық тойына басынан аяғына дейін қатысып, мүшәйраға қатысқан ақындардың жырларын тыңдап, тамсанған еді. Бұл жыр жинақты шығару идеясы сол тойда пайда болған.

Жинақтың алғысөзін Павлодар облысының, Ертіс және Баянауыл аудандарының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Қорабай Шәкіров жазған. Ал, баспаға дайындау барысында және баспадан шығуына үлкен еңбек сіңірген – аудандық «Баянтау» газетінің редакторы Еламан Қабділәшім.

-    Жыр жинағы екі бөлімге бөлінген. «Баурайыңда мен де бір бала құрдай...» деп аталатын бірінші бөлімде Ертіс-Баянауыл өңірінің дені жас ақындарының өлең-жырлары жинақталған. Ішіндегі баянаулалық ақындар саны көз қуантарлық. Екінші «Атағы Баянтаудың жер-көкке аян» бөлімінде еліміздің өзге өңірлерінің ақындарының жырлары топтастырылды. Олардың қатарында есімдері әдеби ортада жақсы танымал Жарас Сәрсек, Дәулеткерей Кәпұлы, Мирас Асан, Мерей Қарт, Мақпал Мыса, Олжас Қасым сынды  ақындардың бары бізді қуанта түсті, - дейді Бекмырза Лекер.

Айта кетейік, таралымы 500 дана болып шыққан кітап көпшілік қауымға арналған.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Баянауыл, өлең, әдебиет, мәдениет