Бұл туралы ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

- Қазақстан чемпионаты еліміздегі енгізілген карантинге байланысты уақытынан бұрын аяқталды, - деді баспасөз қызметінде. – Жарыстың ұйымдастыру комитеті маусымның жеңімпазы мен жүлдегерлерін жарияламау туралы шешім шығарды. Хоккей клубтары басшыларының жиынында 2021 жылы құрлықтық додада ел намысын қорғайтын команда анықталды. Чемпионат қорытындысы бойынша жеңімпаз көкшетаулық «Арлан» клубы болды.

Алайда, көкшетаулықтардың құрлықтық бәсекеден бас тартуына байланысты чемпионатта 2-орын еншілеген Ertis командасы Қазақстанның атынан қатысатын болады.

Сондай-ақ халықаралық мұздағы хоккей федерациясының кезектен тыс конгресінде құрлықтық жарысты өткізудің жаңа форматы талқыланбақ. Жаңа ереже бойынша турнир іріктеу кезеңдерінен басталмақ (2020 жылдың 16-18 қазан аралығында). Одан кейін 16 команда 4 топқа бөлініп сынға түсетін топтық кезең өткізіледі. Топ жеңімпаздары ақтық кезеңде (2021 жылдың 8-10 қаңтар аралығында) құрлықтық кубокты сарапқа салады.

Айта кетейік, хоккейден құрлықтық кубок жарысын халықаралық мұздағы хоккей федерациясы ұйымдастырады. Бұл турнир – футболдан УЕФА кубогының баламасы. 2018/2019 маусымында көкшетаулық «Арлан» клубы турнир жеңімпазы атанған болатын. Сонымен қатар, павлодарлық Ertis командасы аталған бәсекеде 2013/2014, 2014/2015, 2015/2016 маусымында өнер көрсеткен.

Ertis ХК - Қазақстанның 3 дүркін чемпионы. Ел чемпионатының бір мәрте күміс және қола жүлдегері.

Оразбек Саяхат
Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Ertis ХК, хоккей, спорт