Білім ордасы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Қазақстанның атынан конкурсқа қатысқан Тамила Расул Гамзатовтың сөзі мен Ян Франкельдің әніне жазылған көпшілікке танымал «Журавли» әнін орындап, бейнетаспаны сайысқа ұсынған.

- Мен осындай ауқымды сайыста бірінші орын алғаныма өте қуаныштымын, - дейді Тамила. - Біз осы ән мен бейне клипті түсіру үшін көп еңбектендік. Сондықтан нәтижелі болғаны қуантады.  Осындай халықаралық жарыстар мен байқауларда еліміздің, туған қалам мен мектебімнің намысын қорғауға әрдайым дайынмын.

Мектеп оқушысы бұл әннің шығу тарихы мен мағынасы өте қатты ұнағанын айтады.

- Бұл әнді тыңдаған кезде көзге жас алмау мүмкін емес, - дейді ол. – Бұл - жай ғана ән емес, соғыс жылдарында өз ұлдарын жоғалтқан бір отбасының тарихы. Мен оны Батырхан Шүкеновтің орындауында естідім. Менің Испания, Италия, Қытай, Ресей, Греция, Грузия және Қазақстанда өткен халықаралық байқаулардағы жеңістерім - бірінші кезекте сүйікті жетекшім Елена Вальконың еңбегі. Ол Қазақстан эстрадасының жұлдыздары Роза Мұқатаева, Ринат Малцагов шыққан «Свет Звезды» ән театрын басқарады. Мен ән айтуды өте жақсы көремін, бірақ болашақта кәсіби түрде айналысуға нақты шешім қабылдамадым. Химия, математика және ағылшын тілімен жақсы көремін. Сондықтан осы пәндерге көп көңіл бөлемін.

Тамила Рахымбаева вокалмен сегізінші жыл айналысады. Ол республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі конкурстардың жүлдегері.

«BALA TURKVIZYON-Қазақстан» Халықаралық балалар ән байқауының ұлттық жартылай іріктеу кезеңінде финалист атанды. Өткен жылы Грецияда өткен халықаралық байқауға қатысып, 1 орынға ие болды.

2019 жылы Павлодар қаласының «Рухани жаңғыру» бойынша «Қазіргі заманның 100 жаңа есімі» тізіміне енгізілген.

Жас талант қазіргі уақытта «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысу үшін құжаттарын тапсырған.

pavlodarnews.kz

Тэги: мәдениет