Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, «Халық алғысы» медаліне Павлодар облысының 100-ден астам тұрғыны ұсынылған.

Онлайн-форумды Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашты. Ол ынтымақтастық, табандылық пен жанашырлық сынды қасиеттер қазақстандықтарға ең қиын сынақтарды еңсеруге әрдайым көмектескенін және бүгінгі күні ортақ қиындық алдында халықтың бірлігі одан да күшті бола түсетінін атап өтті.

- «Біз біргеміз!» - бұл біздің қоғамның жаңа ұраны, - деп атап өтті Президент. - Біз күн сайын бүкіл ел бойынша медицина қызметкерлері, полиция қызметкерлері, Қарулы күштер қызметшілері, волонтерлер, сондай-ақ қайырымдылық жасап жатқан ерліктердің куәсі болып отырмыз. Бүгін менің алғысым бірінші кезекте сіздерге арналады. Дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, жедел медициналық жәрдем қызметкерлері - індетке қарсы күресте ең үлкен жүк сіздердің иықтарыңызға түсті. Күн сайын сіздер елге өз рухтарыңыздың қүшін, мұқалмастық пен батылдық танытып отырсыздар.

Онлайн-кездесу барысында Қазақстанның барлық өңірлерінде «Халық алғысы» медалін тапсыру салтанатты рәсімі өтті. Павлодар облысында коронавирус инфекциясымен күреске қосқан үлесі үшін облыстық балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Лариса Горбик, полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров, балалар туберкулезге қарсы шипажайының медбикесі Людмила Бурмакова, Шідерті кенттік полиция бөлімшесінің бастығы Қуандық Рахметов, тауарлардың және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау өңірлік департаменті басшысының орынбасары Сәуле Байқазақова, «Хабар» агенттігінің телеоператоры Марат Игіліков және «Birgemiz» өңірлік фронт-кеңсесінің басшысы Саягүл Серікбекқызы марапатталды.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Мемлекет басшысының атынан медальдарды табыс етті. Бұл марапатқа өңірдің тағы да 100-ден астам тұрғыны ие болады.

Фото:  Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: мәдениет