Павлодар облысында пневмониямен ауырып жатқан адамдардың саны 2000-нан асты

Өңірде стационарларда ем  қабылдап жатқан пневмонияға шалдыққан адамдардың саны 2194 адамды құрайды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

-  Дерті жеңіл және орташа дәрежеде өтіп жатқан адам саны – 1644, - деді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов. - 58 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.  Маусым айынан бері 721 адам, шілде айынан бері 300-ге жуық адам емделіп шықты. Статистика пневмония бойынша көрсеткіш төмендемей тұрғанын көрсетуде.  Біздің қойып отырған басты міндетіміз – пневмония расталған және амбулаторлық ем қабылдап жатқан адамдардың стационарға түсуіне жол бермей, емханалар арқылы амбулаторлық жағдайда ем алуына жәрдемдесу. Яғни, мұндай науқастар бірінші  буындағы дәрігерлердің кеңесін алады.  Екінші міндет – провизорлық стационарларға түскен адамдардың стационарда жағдайының қиындап кетуіне тосқауыл қою. Ол үшін материалдық-техникалық жағдай жасалып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.

Аймақ басшысы жоғары немесе  орта медициналық білімі бар мамандарды көмек көрсетуге шақырды.

-  Бүгінгі  жағдай амбулаторлық және стационарлық деңгейде жедел жұмыс атқару керек екенін көрсетіп отыр, - деп атап өтті аймақ басшысы. - Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы бұл жағдайға немқұрайлы қарамайтын барлық тұрғындарға үндеу жолдаған болатын. Дәрігерлер мен медбикелер жетіспей жатқаны белгілі. Бүгінде 166 медицина қызметкері көмек көрсетуге ниет білдірді. Қосымша 15 адам бүгін келісімшартқа қол қояды. Еріктілерден басқаларының барлығына арнайы тариф бойынша  еңбекақы төленеді. Олардың арасында еріктілер, ардагерлер мен жеке меншік ұйымдардың дәрігерлері  қосылды. Емханалар мен жедел жәрдем станциясына жүктеме түсіп отыр. 

Облыс әкімінің айтуынша, күн сайын 300 адам түссе, 100-ден аса адам сауығып шығады. Стационарларда 200 шақты адам қалады және олардың әрқайсысына күтім керек.  

Осыған байланысты қалалар мен аудандардың әкімдеріне медицина мамандарын іздестіру бойынша тапсырма берілген.

Еске сала кетейік, аймақта 400-ден астам медицина маманы қажет.  Өңірде 3 ай ішінде стационарларда жұмыс істейтін медицина қызметкерлер саны 6 есе өсті.

Сондай-ақ Облыс бойынша провизорлық төсек-орындар саны 3 462-ге дейін, яғни 4 есе арттырылды.

Бүгінгі күнгі жағдай бойынша өңірде коронавирустық инфекцияның 1 460 жағдайы тіркелді. 532 адам сауықты. Өкінішке орай, 14 адам қайтыс болды.

 

 

 

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам