-  Медициналық мамандардың жетіспеушілігіне байланысты әлеуметтік желілерде хабарландыру таратылды, - дейді Павлодар қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Айнагүл Сәрсенбаева. - 200-ден астам қала тұрғыны өз еркімен жұмысқа шығуға ниет білдірді. Оның басым бөлігі - кіші медициналық қызметкерлер. Көбінесе медбикелер, фельдшерлер, кіші медперсонал  келеді. Арнайы білімі жоқ  кіші қызметкерлер санитарлар болып жұмыс істеуге дайын. Денсаулық сақтау басқармасы  тізім бойынша әрқайсымен жеке жұмыс жүргізеді. Себебі, олардың ішінде мамандығы бар және жоқ адамдар кездеседі.  Әсіресе дәрігерлер ауадай қажет.

Бөлім басшысының айтуынша, әрбір адаммен келісімшарт негізінде еңбекақы төлеу бойынша жеке жұмыс жүргізіледі.  Провизорлық орталықтарға қызметкерлерді іріктеу үшін барлық ауруханалар мен емханалардың кадр қызметі жұмылдырылған.

Ең төменгі еңбекақы - 60 мың теңге, қосымша денсаулыққа келтірілген зиян үшін үстемеақы төленеді.  

- Бұл өте қауіпті жұмыс екені белгілі, - дейді Айнагүл Сәрсенбаева. – Сондықтан жұмысқа қабылдайтын кезде бірінші кезекте медициналық  тексеруден өткізіледі. Бұған қоса, біліктілігі мен  талаптарға сай келуіне назар аударылады. Осындай қиын-қыстау кезеңде бей-жай қарамай, көмек көрсетуге ниет білдірген тұрғындарға алғыс айтқым келеді.   

Өз еркімен келген тұрғындардың бірі Ulttyn Bolashagy қорының құрылтайшысы Шынар Баужанова Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

 -  Әлеуметтік желілер арқылы еріктілер керек екені жайлы естіп келдік, - дейді ол. -  Павлодарда «Баянтау»  спорт кешені мен Мойылдыда провизорлық орталықтары ашылғаны туралы білдік.  Бүгінгі таңда Мойылды провизорлық госпиталінде кіші медициналық қызметкер - санитар болып жұмыс істеймін. 2 шілдеден жұмысқа орналастым. Ауысыммен жұмысқа шығамын. Тек санитардың міндетін ғана атқармаймыз, науқастарға укол салып, система қоямыз.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында 400-ден астам медицина маманы қажет.  Өңірде 3 ай ішінде стационарларда жұмыс істейтін медицина қызметкерлер саны 6 есе өсті.

9554 тұрғын коронавирустан үйде емделуде. Аталған азаматтардың 1644-і орта және жеңіл сатыдағы пневмонияға шалдыққан.

«Баянтау» спорт сарайында пациенттерді қабылдау мен диагностикалау орталығы, ал Мойылды мен Ақсудағы шипажайларда қосымша провизорлық стационарлар ашылды.

 

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Павлодар қаласы әкімінің баспасөз  қызметі

 

 

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам