Бұл туралы «Адал көмек» жобасы аясында Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында өткізген тікелей эфир барысында мәлім етті.

- Аудан орталығында 3 дәріхана бар, - дейді Қанат Кәрімов. - Дәріхана басшыларымен келіссөздер жүргізіліп, олардың сұранысы бойынша күнделікті әкімдіктен көлік беретін болып шештік. Бұл ауданға қажетті дәрі-дәрмектерді жедел түрде жеткізуге мүмкіндік береді. Осы орайда, мен ауылдық округтардың әкімдеріне ауылдағы медицина қызметкерлерімен байланысып, қандай дәрі-дәрмектер керек және жедел жеткізілуі тиіс екенін анықтау тапсырмасын бердім. Сондай-ақ, аудан тұрғындары менің WhatsApp нөмірімен де тікелей жаза алады.

Сонымен қатар, тікелей эфир барысында аудан әкімі Баянауыл ауданында қазіргі күні 60 орындық провизорлық орталық ашылғанын атап өтті.
- Атап айтқанда, аудан орталығында 40, Майқайың кентінде 20 орындық провизорлық орталық ашылды, - дейді Қанат Кәрімов. - Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының шешімімен аудан орталығында провизорлық орталықтың Шәкен Айманов атындағы мектеп-интернаты базасында екінші нүктесі ашылатын болады. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Оған қоса, спикер бүгінгі күні, Баянауыл орталық ауруханасында 43 науқас жатқанын айтты. Оның айтуынша, соңғы екі аптада ауданда 7 адам қайтыс болған.

Айгүл Жүсіпова

pavlodarnews.kz

Тэги: