Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбайұлы мәлім етті.

- Қайырымдылық көмекті 10 мыңнан астам адамға көрсеттік, - дейді Амантай Тойшыбайұлы. – Аймақтың барлық мешіттері коронавирустық пандемия басталғаннан бері азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек сияқты қажетті заттармен мұқтаж адамдарды қамтамасыз етуде. Тіпті, осы қиын уақытта көпбалалы анаға Майқайыңнан екі бөлмелі пәтер сыйланды. Сондай-ақ, індетке қарсы құрбан шалынып, ет өнімдері мұқтаж адамдарға таратылуда.

Павлодар облысында 96 мешіт бар. Бұл мешіттерде 300-ден астам адам қызмет етеді. Атап айтқанда, әр мешітте 3-4 адамнан тұратын имам, наиб имам, молда және ұстаз сияқты қызметкерлер жұмыс жасайды.

- Індетке байланысты мешіт қызметкерлері қолдарынан келетін барлық көмекті көрсетуде, - дейді баспасөз хатшысы. – Имамдар індеттен қайтыс болған адамдарды ақтық сапарға аттандыру рәсіміне толығымен қатысуда. Олар бұл қызмет үшін ақы алмайды. Осы орайда, имамдардың қызметін халық жоғары бағаласа екен деймін. Өкінішке орай, аймақ мешіттері имамдарының көбісі ауырып, кейбіреуі ауруханаларда медициналық көмек алып жатыр.

Амантай Тойшыбайұлы коронавирус құрбандарына арналған Жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты облыстың имамдары бөлініп, отыз пара құранды аударғанын атап өтті. Бүгін қаралы күнге байланысты аймақтың барлық мешіттерінде түскі бесін намазында арнайы дұға оқылады.

Айгүл Жүсіпова

pavlodarnews.kz

Тэги: