Бұл туралы онлайн форматта өткен қоғамдық тыңдау барысында жобалаушы, «Архпроект Plus» ЖШС өкілі Әсел Сапарова айтты.

- Тоғыз қабатты тұрғын үйлер салынатын орын су қорғау аумағына жатпайды, - дейді Әсел Сапарова. - Дегенмен 10 есе өтемақымен жасыл желектерді сүру көзделген. Яғни, жаңа талаптар бойынша оның орнын толтыру керек. Жаңадан бой көтеретін баспаналарды сүрілген ескі үйлердің орнында салу жоспарланып отыр. Тапсырыс беруші бос орынды ұсынады. Айта кетерлігі, ескі үйлерден қоныс аударған тұрғындарға үйлер бұрынғы пәтерлердің аумағына сәйкес беріледі. Бұл жерде 16 блок-секция қарастырылған.

Сондай-ақ спикер Жамбыл, Теплов көшелерінде екінші учаске қарастырылғанын атап өтті.

- Ол жерде қамыстан салынған бес есі екі қабатты үйлер бар, - дейді Әсел Сапарова. - Сол аумаққа екі тоғыз қабатты, біреуі үш және екіншісі екі подъезді екі тұрғын үй салынады. Бірінші кезекте бұл үйлер Затон қоныс аударушыларына, одан кейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларына арналған. Құрылысты 2021 жылы бастау жоспарланып отыр. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу барысында желілер орталықтандырылады. Үш бөлмелі пәтерлердің алаңы - 80-85 шаршы метр, екі бөлмелі - 60-65 шаршы метр және бір бөлмелі - 45-48 шаршы метр.

Оның айтуынша, кесілген ағаштар жеке секторға отын ретінде қолданылады. Қатты тұрмыстық қалдықтар- қағаз, ағаш - 60 пайыз, шүберек - 7 пайыз, азық-түлік қалдықтары - 10 пайыз, шыны 6 - пайыз, пластмасса - 11 пайыз. Қатты қалдықтар герметикалық контейнерлерде және қалдықтар жабдықталған көлікпен арнайы белгіленген полигонға шығарылады. Тасымалдау жоба құнына енгізіледі.

«ТЕХЭКО» ЖШС өкілі Дмиртий Мерзонов міндетті түрде климаттық сипаттама туралы деректерді пайдалануға кеңес берді.

- Қазгидрометтен концентрация анықтамасын алу қажет, бұл қызмет түрі ақылы, - деді ол. – Жерге акті көрметілмеген. Бұдан кейін жер телімі кімге тиесілі? Жартысы мемлекеттік, жартысы жеке меншік емес пе? Сол жерге жақын маңда менің ата-анам тұрады. Екі қабатты тұрғын үйлерге бей-жай қарау мүмкін емес. Бұл - шағын ауданның өте өзекті мәселесі. Айтайын дегенім, есептеуді қарап шықтық. Шығыс деректерде дәнекерлеуге 1,8 тонна электрод қолданды деп жазылса, есептеуде 1,8 келі деп көрсетілген. Нормативтік эмиссияны асырғаны үшін құрылыс компаниясы көлемді айыппұл төлеуі мүмкін. Соған көңіл аударған дұрыс.

Серіктестік өкілдері жер учаскесіне қатысты мәселе шешімін тапқанын және айтылған ұсыныстар ескерілетінін жеткізді.

 

Ақбота Сейсенбаева

Фото: ашық дереккөзден

pavlodarnews.kz

Тэги: