Бұл жайында онлайн форматта өткен қоғамдық тыңдау кезінде жобаны құрастырушы «Арт-проект» ЖШС өкілі Әсел Сапарова айтты.

- Салынып жатқан мектеп үш қабатты, - дейді Әсел Сапарова. - Сондықтан қосымша ғимарат та үш қабатты болады және тоғыз кабинеттен тұрады. Әр сыныптың аумағы 62 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, қосымша үш кабинет бар. Ғимараттың жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайды. Бүгінгі күні жоба әзірленуде. Сол себепті, құны әлі белгісіз. Мәлімделген сома - 342 миллион теңге. Бірақ жоба сараптамадан өткеннен кейін қаржы бойынша түзетулер енгізіледі. Құрылыс жұмыстарына қай бюджеттен қаражат бөлінетіні белгісіз. Себебі, жоба мәслихаттың шешіміне жіберіледі.

Спикер нысан су қорғау аймағында орналаспағанын, бірақ құрылыс уақытында 13 теректі кесу қарастырылғанын атап өтті. Құрылыс аяқталғаннан кейін жаңа 130 жасыл желек отырғызылады.

Қосымша ғимарат салу қажеттілігі мектепті салып жатқан кезде туындаған.

- Жаңа мектептің жобасы құрастырылып жатқанда №13 мектепті жаңа салынатын мектепке толығымен көшіреміз деген жоспар болды, - дейді қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Қуаныш Қыдыралин. - Сол кезде контингент 450 оқушыны құрады. Cоңғы үш жылда контингент өсті. Оған қоса, Затон шағын ауданында жаңа үйлер салынуда. Бұл қосымша қажеттілікті тудырады. Аталған фактілерді қарастыра келе, білім беру бөлімі салынып жатқан мектепке қосымша ғимарат салу туралы ұсыныс білдірді.

Жоба бойынша жаңа мектеп 350 оқушыға, қосымша ғимарат 300 оқушыға арналған. Сәйкесінше, 650 оқушыны бір ауысымда оқыту жоспарлануда.

- № 13 мектептен жаңа мектепке ата-аналардың ұсынысы бойынша 5-11-сынып оқушылары көшіріледі, - дейді Қуаныш Қыдыралин. - Бұл 300-ден аса оқушы. Қалған орынға мемлекеттік тілде білім алатын оқушыларды қабылдау көзделген. Осылайша аралас тілде оқытатын мектеп болады. Келесі жұмадан бастап оқушылардың контингентін құрастыра бастаймыз. бұл бағыттағы жұмыстар жүргізілуде. Ата-аналар 8(718)2616085, 8(718)2301491 нөміріне, білім беру бөлімінің сайтына, немесе Іnstagram әлеуметтік желіcіндегі парақшамызға жаза алады. Барлық келіп түскен өтініштерді қарастыратын боламыз.

Айта кетейік, 350 орындық мектептің жобасы 2017-2018 жылдары құрылды. Жоба 2018 жылы сараптамадан өтіп, қорытындысы шығарылды. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы қолға алынған және бүгінгі күнге дейін жалғасуда.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: