Александр Поляков көптеген жылдар бойы Шарбақты ауданы Орловка ауылындағы «Победа» ЖШС шаруашылығын жемісті басқарған болатын. Кәсіпорынның басты ерекшелігі - 90-ыншы жылдары ол ыдырамай, керісінше қарыштап дамыды. Шаруалар мен олардың отбасыларына барлық жағдай жасалып, өнім көлемі артты.

Александр Владимировичтің үзеңгілес досы әрі партиялас әріптесі облыстық мәслихат депутаты Владимир Берковский айтқандай, Александр Поляков әкесінің ізін басып, ісін сәтті жалғастыра білді.

- Бұл шаруашылық - Қазақстандағы ең үздік кәсіпорындардың бірі, - дейді ол. - Александр Поляков жалпы еліміздегі агроөндірістік кешен саласындағы алға ұмтылған, білімді басшылардың бірі. Ол өз шаруашылығында жаңа технологияларды кеңінен қолданып, үнемі ізденіс үстінде болды.

«Победа» ЖШС басшысы Владимир Берковскийдің есінде адал, мейірімді әрі жауапты адам ретінде сақталып қалды.

Халық қалаулысы атап өткендей, 2017 жылы Александр Владимирович жетім балаларға арнап Павлодарда 11 млн теңгеге төрт бөлмелі пәтер әперген болатын. Соның арқасында «Жас ұрпақ» үйінен түлеп ұшқан балалар мемлекеттен баспана алғанша сонда тұруға мүмкіндік алды.

Александр Поляков 1957 жылы Шарбақты ауданы Орловка ауылында дүниеге келді. Еңбек жолын 1979 жылы Павлодар трактор зауытында механикалық цех шебері болып бастаған. 2006 жылы «Победа» ЖШС басқарды. Облыстық мәслихаттың төрт шақырылымының депутаты болып сайланды.

«Құрмет» ордені, екінші дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісі және «Ауыл шаруашылығы саласынын үздігі» және «Белсенді қызметі үшін» төсбелгілерімен марапатталды.

Айбек Жұматов

Фото: obozrenie.kz

pavlodarnews.kz

Тэги: Александр Поляков, пневмония, депутат, Владимир Берковский