Коронавирустан қайтыс болған үш павлодарлық медицина қызметкері мемлекеттік наградаларға ұсынылды

Мемлекеттік наградаларды табыстау рәсімі облыс әкімдігінде өтті. Медбике Гүлбаршын Шәріпова мен кіші медицина қызметкері Әйгерім Мұқашева «Құрмет» орденімен, ал учаскелік медбике Ольга Лошманова «Парасат» орденімен марапатталды.

- Олардың жұмысы күн сайын алдыңғы қатарға шығып, вирусқа қарсы күресетін біздің барлық медициналық қызметкерлеріміздің еңбегі сияқты баға жетпес, - деді марапаттау рәсімінде өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов. - Бүгінгі таңда біздің провизорлық ауруханаларымызда және амбулаториялық емдеуде бірнеше мың адам ем қабылдауда. Мұндай шамадан тыс жүктеме, әрине, дәрігерлердің жағдайына әсер етеді. Медицина қызметкерлерінің туыстарына шын жүректен көңіл айтамын және сіздердің жақындарыңыз бұл қасіретпен күресіп, соғыстағыдай адамдардың өмірін сақтау барысында қаза тапқанын айтқым келеді.

Медбике Гүлбаршын Шәріпова 60 жасында өмірден озды. 1981 жылы Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық медициналық училищесін «Балалар емдік-профилактикалық мекемелерінің мейірбикесі» мамандығы бойынша тәмамдады. Сегіз жыл аудандық ауруханаларда жұмыс істеді, ал 1988 жылы Павлодар қалалық №1 емханасында офтальмологқа мейірбике болып ауысты. Жұмыс барысында өзін ісіне адал, жауапты және жоғары білікті маман ретінде көрсетті.

Учаскелік медбике Ольга Лошманова 48 жасында қайтыс болды. Ол 11 жылдан астам облыстық психикалық денсаулық орталығы наркологиялық қызметінің жалпы клиникалық бөлімшесінде жұмыс істеді. Сонымен қатар Ольга Лошманова 1992-1993 жылдары Павлодар перзентханасында, 1993-2000 жылдары Павлодар №3 қалалық ауруханасының әйелдер консультациясында, 2000-2009 жылдары № 15 отбасылық дәрігерлік амбулаториясында жұмыс істеді.


Ольга Лошманованың әріптестерінің айтуынша, ол әрқашан өзінің ұйымшылдығымен, өз жұмысын жақсы білуімен және үздіксіз кәсіби өсуге ұмтылуымен ерекшеленген.

Кіші медицина қызметкері Әйгерім Мұқашева 49 жасында қайтыс болды. Еңбек жолын 1990-1991 жылдары Павлодар тігін фабрикасында үйренуші тігінші болып бастаған. Сондай-ақ Павлодар облысының жеке құрылымдары мен медициналық ұйымдарында жұмыс істеді. Коронавирус пандемиясына дейін және індет кезінде Әйгерім Мұқашева өзін жұмысты адал және барлық тапсырмаларды уақтылы орындайтын жауапкершілігі жоғары қызметкер ретінде көрсетті.

 

Фото: Валерий Бугаев

Extend MODX with Extras