Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі онлайн режимде өткізген баспасөз конференциясында облыстық ТЖД бастығы Ернұр Өтегенов айтты.

- 17-18 шілде күндері сынап бағанасы 37 градусқа дейін көтеріледі, - деп атап өтті Ернұр Өтегенов. – Қазіргі таңда өңірде өрт қауіпсіздігі бойынша жағдай бірқалыпты. Дегенмен дауылды ескерту жарияланды. 2020 жылғы 21 наурыздан бастап өрт қауіпті кезеңі болып саналады. Биылғы жылы орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясының мәліметіне сәйкес, 80 орман өрті тіркелген. Оның 49-ы адамның отты абайсыз пайдалануы салдарынан, 28-і найзағайдың түсуінен орын алған. Өткен жылдың ұқсас кезеңінде орман өртінің саны 90 болған.

Департамент бастығының айтуынша, рейд барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған 59 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Оның ішінде 367-бап – «Ормандарда өрт қауiпсiздiгi талаптары мен санитариялық қағидаларды бұзу» бойынша үш адам, 336-бап – «Өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды жинап қою мен жағу кезiнде атмосфералық ауаны қорғау және өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi талаптарды сақтамау» бойынша 5 адам және 410-бап – «Техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда, өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу немесе орындамау» бойынша 51 адам тартылды.

Бірінші рет ескерту жасалса, қайталанған жағдайда айыппұл салынады.

- Әсіресе алдағы шөп шабу және астық жинау науқаны кезеңінде сақтық танытқан жөн, - дейді Ернұр Өтегенов. - Орман алқаптарында өрттің алдын алу мақсатында полиция қызметі, орман және аңшылық шаруашалығы инспекциясымен бірлесіп, 21 мобильді топ құрылды.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: ашық дереккөзден

pavlodarnews.kz

Тэги: