Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ақ желеңділерге арналған үй тағамдарын дайындауға жастар бастамаларын дамыту орталығының өкілдері көмектескен. Ал «Савой» дәмханасының директоры Шаттық Сүйінішева ас дайындауға асханасын ұсынған.

- COVID-19-пен күресуде медицина қызметкерлері барлық күш-жігерлерін жұмсауда. Науқастардың өмірі үшін одан әрі күресуге шынайы ризашылықпен дайындалған дәмді кешкі ас дәрігерлер мен медбикелерге күш береді деп үміттенеміз, - дейді ұйымдастырушылар.

Павлодар қаласындағы музыкалық колледж-дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешенінің директоры Серік Сыздықов 10 күн бойы триаж орталығындағы дәрігерлер мен еріктілерге ыстық тамақ тасымалдағандарын айтады.

Алғашқы ыстық тамақпен қамтамасыз ету пункті «Баянтау» спорт орталығында орналасқан триаж орталығы болды, онда 25 адам түскі аспен қамтамасыз етілді. Күнделікті ас мәзірі әртүрлі тағамдардан тұрды. Сондай-ақ қаланың бес ауруханасына музыкалық колледж ұжымының атынан гуманитарлық көмек көрсетілді.

- Бұл эстафетаны басқа колледждер де қабылдап, ыстық тамақ жеткізеді, - дейді Серік Сыздықов. - Үш провизорлық орталыққа қайырымдылық көмек ретінде азық-түлік жеткізіп бердік. Медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында ұжыммен осындай шара ұйымдастыруды жөн көрдік.

 А. Бекжанқызы

Фото: Павлодар облыстық білім беру басқармасы

pavlodarnews.kz

Тэги: